3) кедендік реттеу мақсаты үшін арнайы экономикалық аймақ резиденттерінің тізілімін жүргізуді əкімшілік жүзеге асырады;
4) əкімшілік Алатау қаласында кеден жəне салық органдарының функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыруға құқылы;
5) арнайы экономикалық аймақ резиденттерінің тізіліміне енгізілген Алатаудың резидент заңды тұлғалары туралы мəліметтерді əкімшілік, егер Алатау қаласы заңнамасында өзгеше көзделмесе, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына (бұдан əрі - ЕАЭО-ның кеден заңнамасы), сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сəйкес Алатаудың резидент заңды тұлғалары туралы мəліметтерді кейіннен беру мақсаттары үшін, тиісті дерекқормен интеграциялау шеңберінде арнайы экономикалық жəне индустриялық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі жəне оларды тарату саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органға береді;
6) егер Алатау қаласының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Алатау қаласының аумағында еркін кеден аймағы кедендік рəсімі жəне өзге де кедендік рəсімдер, ЕАЭО-ның кеден заңнамасына жəне Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сəйкес кедендік операциялар қолданылады;
7) Алатау қаласының органдары ЕАЭО-ның кеден заңнамасын ескере отырып, Алатау қаласы заңнамасының Алатау қаласының аумағында кедендік рəсімдер мен кедендік операцияларды қолданудың талаптары мен ерекшеліктерін реттейтін тиісті актілерін қабылдауға құқылы;
8) кедендік рәсімдермен орналастыру мақсатында Алатау қаласының аумағына тауарларды әкелу және Алатау қаласының аумағынан тауарларды әкету әкімшілік айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Әкімшілік берген лицензияға сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында Алатау қаласының аумағында арнайы экономикалық аймақ резиденттері орналастыруға және (немесе) пайдалануға арналған тауарлар еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылады.
3. Егер Алатау қаласы заңнамасының актілерінде өзгеше көзделмесе, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар, сондай-ақ еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылмаған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары және ЕАЭО-ның кеден заңнамасына және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес өзге де кедендік рәсімдермен орналастырылған шетелдік тауарлар Алатау қаласының аумағында орналастырылуы және пайдаланылуы мүмкін.
4. Алатау қаласының аумағынан тауарларды әкету кезінде еркін кеден аймағы кедендік рәсімі, егер Алатау қаласы заңнамасының актілерінде өзгеше көзделмесе, тауарларды ЕАЭО-ның кеден заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген кедендік рәсімдермен орналастырумен аяқталады.
5. Кедендік бақылауды жүргізу тәртібі, қолданылатын технологиялар (нұсқаулықтар), кедендік бақылау нысандары және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар ЕАЭО-ның кеден заңнамасымен реттелмейтін бөлігінде әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
6. Алатау қаласының кедендік бақылау аймақтары аумағының периметрін қоршау және бейнебақылау жүйесімен жарақтандыру, бақылау-өткізу режимін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды қоса алғанда, осындай аумақты жайластыруға қойылатын талаптар, сондай-ақ адамдардың мұндай аумаққа кіру тәртібін белгілеу әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
46-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
46-бап. Ақшалай міндеттемелерді орындау, валюталық реттеу мен валюталық бақылау
1. Алатау қаласы бойынша валюталық реттеу мен валюталық бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілетін Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісімен жүзеге асырылады.
2. Алатау қаласы бойынша валюталық реттеу мен валюталық бақылау Қазақстан Республикасы кепілдік беретін мынадай негізгі қағидаларға сәйкес қолданылуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының инвесторлар мен Алатау резиденттерінің валюталық операцияларына негізсіз араласуына жол бермеу;
2) Алатау резиденттерінің уәкілетті банктерде және (немесе) шетелдік банктерде ұлттық валютада және (немесе) шетел валютасында шоттар ашу еркіндігі;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған жағдайларда және тәртіппен Алатаудың резидент заңды тұлғалары арасында, сондай-ақ Алатаудың резидент заңды тұлғалары мен Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында ұлттық валютада және (немесе) шетел валютасында жасалатын валюталық операцияларды жүзеге асыру мүмкіндігі;
4) Алатаудың резидент заңды тұлғаларының Қазақстан Республикасының резиденттерінен және (немесе) бейрезиденттерінен шетел валютасында қарыздар тарту мүмкіндігі;
5) шарттар бойынша шетел валютасында есеп айырысу мүмкіндігі;
6) шетел валютасын уәкілетті банктерде және (немесе) шетелдік банктерде нарықтық бағам бойынша сатып алу және (немесе) сату;
7) капиталды кез келген шетел валютасында шектеусіз енгізуді, сондай-ақ қаржы құралдарын және (немесе) еркін түрде конвертацияланатын валютаны пайдалануды қоса алғанда, Алатау қаласында қызметті жүзеге асыру және инвестициялық жобаларды іске асыру мақсаттары үшін капитал қозғалысының еркіндігі;
8) Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында тікелей көзделген шектеулерді қоспағанда, капитал қозғалысы операцияларына байланысты валюталық шарттар бойынша Алатау резиденттерінің төлемдері мен ақша аударымдары бойынша шектеулердің болмауы;
9) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген төлем және (немесе) аударым сомасы шегінен асқан кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің уәкілетті банктермен бірлесіп Алатау қаласының аумағындағы қызмет бойынша жасалатын Алатау резиденттерінің валюталық операциялары бойынша жүргізілген төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын есепке алуды он жұмыс күні ішінде қамтамасыз етуі;
10) әкімшілік айқындаған Алатау резиденттері санаттарының валюталық тәуекелдерді хеджирлеу мүмкіндігі;
11) осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер төленгеннен кейін Алатау қаласындағы қызметтен түскен кірістерді (пайданы) еркін түрде репатриациялау.
3. Әкімшілікке арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындауға жәрдемдесу және «бірыңғай терезе» қағидатын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Алатау қаласында аумақтық бөлімше құруды және оның қызметін осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде әкімшіліктің функцияларымен интеграциялауды қамтамасыз етеді.
Көрсетілген бөлімшенің жұмыскерлері - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметшілері. Көрсетілген бөлімшенің қызметін материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық бөлімшесінің әкімшілікпен өзара іс-қимыл жасауының және олардың қызметін интеграциялау тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
47-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
47-бап. Цифрлық активтерді реттеу
1. Алатау қаласында цифрлық активтер ұғымы, оларды шығару және олардың айналымы Кеңестің шешімі бойынша және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша қабылданатын әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісімен реттеледі.
2. Алатау қаласында цифрлық активтердің шығарылуы мен айналымын реттеу қаржылық орнықтылық қағидатын сақтаумен де және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі талаптарды белгілеумен де жүзеге асырылады.
48-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
48-бап. Алатау қаласында қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтық режим
1. Әкімшілік арнаулы құқықтық режим мақсатын негізге ала отырып, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, өмір сүру сапасын арттыру және инновациялық экономиканы дамыту, басқару тиімділігін арттыру және әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру үшін Алатау қаласының аумағында және оның қала маңындағы аймағында туындайтын тиісті қатынастарды реттеу ерекшеліктеріне қатысты қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді Кеңестің шешімі бойынша қабылдауға құқылы.
2. Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптары Алатау қаласы мен оның қала маңындағы аймағының аумағында осы Конституциялық заңға және Алатау қаласының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасының актілеріне қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
3. Әкімшіліктің қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының Экология кодексінің талаптарымен салыстырғанда қоршаған ортаны қорғаудың анағұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге тиіс.
4. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде Алатау қаласының аумағында және оның қала маңындағы аймағында мынадай экологиялық талаптар айқындалуы мүмкін:
1) әкімшілік айқындаған өлшемшарттар мен мерзімдерге сәйкес көлік құралдарын және өзге де жылжымалы көздерді пайдалануға қойылатын талаптар, оның ішінде олардың Алатау қаласына немесе оның белгілі бір функционалдық аймақтарына кіруіне тыйым салу, шектеулер не ол үшін әкімшіліктің бюджетіне жеке экологиялық төлемақы алу;
2) әкімшілік айқындаған өлшемшарттар мен мерзімдерге сәйкес стационарлық көздерді пайдалануға қойылатын талаптар, оның ішінде Алатау қаласында немесе оның белгілі бір функционалдық аймақтарында оларды пайдалануға тыйым салу, шектеулер не ол үшін әкімшіліктің бюджетіне жеке экологиялық төлемақы алу;
3) полимерлі, шыны, қағаз және (немесе) картон қаптамаларға арналған депозиттік-қайтару жүйесін енгізу жөніндегі талаптар, сондай-ақ өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындауға қойылатын талаптар;
4) қалдықтардың түзілуін болғызбауды, қайта пайдалануға, қайта өңдеуге және (немесе) кәдеге жаратуға дайындауды ынталандыруға бағытталған оларды басқаруға қойылатын қосымша талаптар;
5) қалдықтарды көмуге тыйым салуды енгізу;
6) қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы мөлшерлемелеріне арттыру коэффициенттерін енгізу;
7) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін айыппұл мөлшерлемелеріне арттыру коэффициенттерін енгізу;
8) қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзге де талаптар.
5. Әкімшілік және әкімшіліктің органдары Алатау қаласының аумағында қоршаған ортаны қорғау саласындағы, оның ішінде жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және экологиялық білім беруді дамытуға бағытталған іс-шараларды әзірлеуді және іске асыруды ұйымдастырады.
6. Алатау қаласында коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау қамтамасыз етіледі. Коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауға, оның ішінде міндетті түрде бөлек жиналуға тиіс қалдықтардың түрлеріне немесе топтарына (түрлерінің жиынтығына) қойылатын талаптар әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 2035 жылғы 1 қаңтардан бастап Алатау қаласының аралас коммуналдық қалдықтарының түзілуіне жол берілмейді.
Әкімшілік қалдықтарды қайта өңдеу, энергетикалық және өзге де кәдеге жарату жобаларына, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып бастамашылық жасауға және іске асыруға құқылы.
7. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Алатау қаласында эмиссиялар мен қоршаған орта сапасын үздіксіз мониторингтеу жүйесін пайдалану міндетті болады.
8. Әкімшілік жыл сайын Алатау қаласының және оның қала маңындағы аймағының бүкіл аумағы үшін шығарындылардың шекті рұқсат етілген жиынтық көлемін белгілейді, ол тиісті рұқсаттар беруге негіз болады.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру әкімшілік бекітетін тарифтер бойынша ақылы негізде жүргізіледі.
10. Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырғаны үшін төлемдердің, қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақының, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұлдардың және әкімшіліктің шешімдеріне сәйкес Алатау қаласының аумағында жиналатын экологиялық алымдардың сомалары қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын жүзеге асыратын әкімшілік бөлімшелерінің қызметін мониторингтеу, зертханалардың жұмыс істеуін, ғылыми-техникалық және сараптамалық қолдауды жүзеге асыру мақсатында оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге бағытталады.
49-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
49-бап. Алатау қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта жер қойнауын пайдалану
Алатау қаласының аумағы мен қала маңындағы аймағында:
1) қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтардың, зиянды және улы заттардың кез келген түрлерін сақтау немесе көму, сарқынды, өнеркәсіптік және техникалық суларды жер қойнауына ағызу (айдау) үшін жерасты орындарына (құрылысжайларға) орналастыру және (немесе) оларды пайдалану мақсатында жер қойнауы кеңістігін пайдалануға;
2) жерасты суларының қорын жасанды жолмен толықтыру үшін жер қойнауына суды айдауға, оның ішінде осы мақсаттарға арналған жерасты құрылысжайларын салуға және (немесе) пайдалануға;
3) пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге тыйым салынады.
Алатау қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта Алатау қаласының ғимараттарын, құрылысжайларын салу және қала инфрақұрылымын дамыту мақсаты үшін жер қойнауын пайдаланудың жол берілетін тәсілдері Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
50-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
50-бап. Алатау қаласының аумағында қаржы саласындағы қызметті жүзеге асыру
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Алатау қаласының аумағында филиал құрмай және негізгі бизнесті ұйымдастырмай қаржылық қызметтер көрсететін Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдары мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары Алатау резиденттері болып танылмайды.
2. Осы Конституциялық заңға және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес реттелетін операцияларды қоспағанда, банк қызметін, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыру жөніндегі ұйымдардың қызметін, сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін және өзге де қаржылық қызметті қаржы ұйымдары Алатау қаласында тұлғаларға қызмет көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруы мүмкін.
Аталған ұйымдардың Алатау қаласының аумағындағы филиалдары әкімшілік беретін реттеуші рұқсат негізінде және соның шарттарымен ашылады.
3. Валюталық операцияларды, цифрлық активтермен жасалатын операцияларды қоса алғанда, әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін қаржылық қызметтер мен операцияларды тек қана Алатаудың резидент заңды тұлғаларының әкімшіліктің тиісті реттеуші лицензиясы не жеке реттеуші рұқсаты бойынша жүзеге асыруына рұқсат беріледі. Әкімшіліктің көрсетілген нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және (немесе) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдары және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтер көрсететін қатысушылары және шетелдік қаржы ұйымдары Алатау қаласының аумағында Алатаудың резиденттері ретінде еншілес қаржы ұйымдарын және өзге де ұйымдарды құруға құқылы.
Алатау қаласында осындай ұйымдарды құру және иелену шарттары мен тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде:
1) Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдары мен шетелдік қаржы ұйымдары үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша;
2) «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитетімен келісу бойынша айқындалады.
5. Алатау қаласында орналасқан не оның дамуын қамтамасыз ететін жылжымайтын мүлік және инфрақұрылым объектілеріне инвестициялар тарту мақсатында әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде жылжымайтын мүліктің инвестициялық қорларын және ұжымдық инвестициялаудың өзге де нысандарын құру мен олардың қызметінің ерекшеліктері айқындалуы мүмкін.
51-бап. Алатау қаласында цифрлық өзара іс-қимыл жасау және көрсетілетін қызметтерді ұсыну
51-баптың 1-тармағы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
1. Алатау қаласының аумағында тұру не қызметті жүзеге асыру жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға құқықтарын шектеуге алып келмейді.
51-баптың 2-тармағы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
2. Алатау қаласының аумағында орналасқан жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның ішінде Қазақстан Республикасының цифрлық объектілері арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алуға құқылы.
3. Әкімшілік көрсететін қызметтер және Алатау қаласының аумағында қызметті жүзеге асыруға байланысты рәсімдер, оның ішінде резиденттікті беру, өзгерту және тоқтату, бизнес-лицензиялау, реттеушілік лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері және әкімшіліктің құзыретіне жатқызылған өзге де рәсімдер әкімшіліктің цифрлық объектілері арқылы ұсынылады. Әкімшілік көрсететін қызметтер Қазақстан Республикасының мемлекеттік цифрлық объектілері арқылы да ұсынылуы мүмкін.
4. Әкімшіліктің цифрлық объектілері деректермен алмасу және электрондық нысанда қызметтер көрсету мақсатында заңмен қорғалатын құпияны қорғау жөніндегі талаптарды және Қазақстан Республикасының киберқауіпсіздік туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік цифрлық объектілерімен интеграциялануға тиіс.
5. Алатау қаласында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалануға рұқсат етілетін электрондық цифрлық қолтаңбалар танылады.
6. Алатау резиденттерімен трансшекаралық электрондық өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету мақсатында шет мемлекеттердің аккредиттелген куәландырушы орталықтары берген электрондық цифрлық қолтаңбалар әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен танылуы мүмкін.
Электрондық цифрлық қолтаңбалары Алатау қаласында пайдалануға рұқсат етілетін шетелдік куәландырушы орталықтардың тізбесі, сондай-ақ оларды тану және осындай қолтаңбаларды пайдалану тәртібі, электрондық сәйкестендіру мен қолтаңбаларды тексерудің тиісті құралдарына қойылатын талаптар әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
52-бап. Алатау қаласының цифрлық объектілері мен цифрлық деректері
1. Әкімшілік Алатау қаласының цифрлық объектілерін құруға, дамытуға және пайдалануға құқылы.
2. Әкімшіліктің цифрлық объектілері әкімшіліктің қызметін, арнаулы құқықтық режимнің жұмыс істеуін, сондай-ақ деректерді қалыптастыруды, өңдеуді, сақтауды, пайдалануды және олармен алмасуды қамтамасыз етуге арналған.
3. Алатау қаласының аумағында қызметті жүзеге асыру, әкімшіліктің цифрлық объектілерінің жұмыс істеуі, сондай-ақ Алатау қаласында қалалық инфрақұрылымды пайдалану мен көрсетілетін қызметтерді ұсыну нәтижесінде қалыптастырылатын цифрлық деректерді әкімшілік және өзге де тұлғалар әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен Алатау қаласын басқару, қалалық инфрақұрылымды дамыту, көрсетілетін қызметтерді ұсынудың тиімділігін арттыру, талдау, ғылыми зерттеулер және технологиялық шешімдерді ендіру үшін пайдалана алады.
4. Деректерді қалыптастыру, пайдалану, беру, олардың иесін көрсетпеу, қорғау және олармен алмасу тәртібі, сондай-ақ әкімшіліктің цифрлық объектілерін қалыптастыру және пайдалану тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
53-бап. Алатау қаласындағы цифрлық жазбалар
1. Цифрлық жазба Алатау қаласында әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес туындайтын, өзгеретін немесе тоқтатылатын құқықтар, міндеттер және өзге де заңды фактілер туралы мәліметтерді куәландырудың заңдық маңызы бар нысаны деп танылады.
2. Цифрлық жазбалар тиісті мүліктік құқықтардың құқықтық сипатын, олардың пайда болу, ауысу, шектелу және тоқтатылу негіздерін өзгертпейді. Егер осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің актілерінде өзгеше көзделмесе, цифрлық жазбалар құқықтардың, міндеттердің және өзге де заңды фактілердің болуының дәлелі деп танылады.
3. Алатау қаласында құқықтар, міндеттер және өзге де заңды фактілер туралы мәліметтерді куәландыратын цифрлық жазбаларды пайдалануға мәліметтердің анықтығы, қатысушыларды тиісті сәйкестендіру, әрекеттердің қадағалануы, деректердің қорғалуы және киберқауіпсіздік қамтамасыз етілген кезде жол беріледі.
4. Алатау қаласында құқықтар, міндеттер және өзге де заңды фактілер туралы мәліметтерді куәландыратын цифрлық жазбаларды жасауға, жүргізуге, пайдалануға, сақтауға, қорғауға және тексеруге қойылатын талаптар, сондай-ақ олардың жұмыс істеу тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
54-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
54-бап. Эксперименттік құқықтық режимдер
1. Технологиялық және өзге де инновацияларды әзірлеу, сынақтан өткізу және ендіру мақсатында әкімшілік Алатау қаласының аумағында эксперименттік құқықтық режимдерді белгілеуге құқылы. Эксперименттік құқықтық режимдерді белгілеу кезінде оларды қолдану аймақтары, ұзақтығы және басқа шектеулер айқындалады.
2. Эксперименттік құқықтық режимдер байланыс, сенсорлық және цифрлық желілер, Заттар интернеті, жасанды интеллект, пилотсыз және инновациялық көлік құралдары, роботтандырылған жүйелер және өзге де технологиялар саласындағы шешімдерді қоса алғанда, инновациялық технологиялар мен технологиялық инфрақұрылымды тестілеуді және қолдануды көздейді.
3. Эксперименттік құқықтық режимдер әкімшіліктің бастамасы бойынша немесе Алатау резиденттерінің ұсыныстары бойынша белгіленеді.
4. Эксперименттік құқықтық режимдерді белгілеу және қолдану ерекшеліктері әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
5. Эксперименттік құқықтық режимдер мен сынақтан өткен технологияларды қолдану нәтижелері Қазақстан Республикасының заңнамасын кейіннен жетілдіру мақсатында пайдаланылуы мүмкін.
55-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
55-бап. Алатау қаласындағы мемлекеттік емес білім беру ұйымдары қызметінің құқықтық режимі
1. Алатау қаласының аумағында мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының білім беру қызметі тек қана жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдерде қолданылатын стандарттар, білім беру бағдарламалары, сертификаттар және (немесе) аккредиттеулер негізіндегі бизнес-лицензияға және (немесе) реттеуші лицензияға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы бапқа сәйкес білім беру қызметі мынадай білім беру деңгейлері бойынша да жүзеге асырылуы мүмкін:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді қамтитын бастауыш мектеп;